kzordatil

ОРТАЛЫҚТЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ҚОРЖЫНЫ ЖАҢА ҚҰРАЛМЕН ТОЛЫҚТЫ

Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасына қарасты Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы директорының орынбасары Жаныгүл Мұхитқызы мен осы Орталықтың ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы, «Үздік оқытушы — 2022» республикалық байқауының Бас жүлдегері, филология ғылымдарының магистрі Алтынай Орынбаеваның авторлығымен дайындалған «Сөз және сөйлеу мәдениеті» оқу құралы жарыққа шықты. Бұл еңбек Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілін оқытудағы жаңа әдістемелік құралдардың қатарын толықтырып, тіл үйрету ісіндегі сапаны арттыруға бағытталған.

Оқу құралының негізгі мақсаты:

  • ҚР 2023-2029 жылдарға арналған тіл саясатын жүзеге асыру тұжырымдамасын қолдау;
  • Мемлекеттік тілді меңгеруді насихаттау, оның қолдану аясын кеңейту және қоғамда қазақ тілінің мәртебесін арттыру;
  • Облыс әкімдігінің тіл саясатына арналған іс-қимыл жоспарын орындау;
  • Мемлекеттік тілді жоғары деңгейде оқытуға ықпал ету.

Оқу құралы С1 деңгейіне бағытталған, яғни мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтардың тілдік қабілеттерін жетілдіру үшін арнайы әзірленген.

Әдістемелік қолдау көрсету мақсатында 1000 дана тиражбен шыққан оқу құралы мемлекеттік мекемелер мен тіл үйрету орталықтарындағы оқыту сапасын арттыру мақсатында қолданылатын жаңа құрал ретінде ұсынылды.

Бұл оқу құралының ерекшелігі — мемлекеттік тілді жетік меңгерген азаматтарға, әсіресе, С1 деңгейіндегі тыңдаушыларға арналған. Құралда тілдік нормаларды сақтай отырып, сөздік қоры мен сөйлеу мәдениетін жетілдіруге ерекше назар аударылған. Оқыту барысында пайдалануға оңай практикалық тапсырмалары бар.

Айта кетейік, жаңа әдістемелік құрал Астана қаласындағы Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының сараптамалық комиссиясының оң қорытындысын алды.

Жаңа өнімді қолдану және тәжірибе алмасу мақсатында оқу құралы еліміздің өзге өңірлеріндегі тілдерді оқыту орталықтарына да таратылды. Астана қаласында жарыққа шыққан әдістемелік құрал еліміздің әр аймағындағы оқыту орталықтары арасында бірыңғай оқыту стандарттарын қалыптастыруға және тәжірибені біріктіруге мүмкіндік береді.

«Сөз және сөйлеу мәдениеті» оқу құралы – қазақ тілін үйренуге деген қызығушылықты арттырумен қатар, оның күнделікті қарым-қатынастағы қолданысын жандандыруға арналған маңызды қадам. Бұл еңбек тілдерді меңгеру процесін жеңілдетіп, ел тұрғындары арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үлкен үлес қосады.

Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының баспасөз қызметі