ЖАҢА ӘЛІПБИ ЕМЛЕСІНЕ ҚАТЫСТЫ ЖАҢА ТІЛДІК ҰҒЫМДАР

Ләззат Абайқызы ОРТАЕВА,

Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасы «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ директоры

       Латын қарпіндегі  жаңа қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасы бекітілгеннен кейін (19.02. 2018. №637),Үкімет жанынан құрылған  «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның» 4 бағыттық (1.Орфографиялық, 2.Әдістемелік, 3.Терминологиялық,  4.Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу) жұмысшы тобының атқарған  еңбектері нәтижесінде  2018 жылы   «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері»  жобасы жасалды.  Емле ережесін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары әзірлеп, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандары  жан-жақты сараптамадан өткізіп, редакциялау жұмыстарын жүргізгені жалпы  зиялы қауымға  белгілі. 2018 жылдың 6 желтоқсанында Ұлттық комиссия отырысында мақұлданған Жаңа емле жобасы 2019 жылы 19 қаңтарда Егемен Қазақстан газетіне жарияланып, жұртшылық назарына ұсынылды [1].

         Емле ережесі 9 тарау, 108 параграфтан  тұрады. Қазіргі таңда әлі де жетілдіруге тиісті тұстары болғанына қарамастан жаңа жобаны көпшілікке таныстыру, оқыту жұмыстары басталып кетті. Қазақ емлесін теориялық тұрғыдан терең меңгертіп, көпшілікке үйрететін сауатты тренерлерді дайындау басты мақсатында  осы жылдың наурыз айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» тақырыбында 72 сағаттық тренерлік курсы өтіп жатыр. Республиканың түпкір-түпкіріндегі тіл орталықтарының оқытушылары қамтылған бұл курсқа  «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» мамандары да  қатысты. Тренерлік сертификат берілді.

Курс барысында латын әліпбиіне негізделген мемлекеттік тілдің  жаңа емле ережесінде біршама тың жаңалықтар мен өзгерістердің бар екеніне, емлені жасап, әзірлеген  ғалымдарымыздың қазақ тілінің орфографиясын бүгінгі жаһандану дәуірі тұрғысынан  жаңаша зерделегенгеніне,  тұңғыш Елбасымыз айтқандай «терең логикаға» негіздеп даярлағандығына куә болдық.

         Атап айтқанда, бұған дейінгі қазақ тілінің  емле ережесі көптеген тілдердің емле заңдары сияқты  фонетикалық, морфологиялық, тарихи, дәстүрлік т.б. принциптерге негізделгені белгілі.  Бұл жаңа ереже жобасындағы еңбасты жаңалық  – емленің бір ғана принцип – фонематикалық принципке негізделгендігі. Қосалқы ұстанымдары ретінде қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамындағы көне және кірме тілдік қабаттардың кейбір түрлерінің емлесіне қатысты дәстүрлі және фонетикалық, ал төл сөздердің күрделі түрлері үшін морфологиялық принцип  алынған. 

Ереже тұжырымдамасын жасаған – филология ғылымының докторы, профессор Нұргелді Уәли [2].

          «Жаңа емлені оқыту әдістемесі» курсы профессорлар Қ.Күдеринова, Ш.Қапантайқызы, Ж.Ағабекқызы, З.Базарбаева, А.Фазылжанова, А.Жаңабекова, Г.Мамырбек, т.б. авторлар дайындап, құрастырған «Жаңа емле» атты оқу-әдістемелік құралды басшылыққа алып оқытылды [3].

Оқу-әдістемелік құралда бұрынғы қазақ тілі ережесінде жоқ көптеген мынадай жаңа тілдік атаулар бар екен: тіл үндесімі, ерін үндесімі, бейүндес сөздер, шеттілдік сөздер,  сөз құрастыруыштар және ұластыруыштар (сөзалды, сөзарты сыңар құрастыруыштар т.б).

  Тағы бір басты жаңалығы – қазақ тіліндегі көптеген күрделі атауларының біріктіріліп жазылуы. Яғни, бірге жазылатын сөздердің жаңаша модельдерінің ұсынылуы.

            Көкейге қонымды әрі түсінікті, сәтті жасалған бұл терминдік атауларды  ғалымдарымыздың бір жылда немесе бірнеше айда жасап, ойлап тапқан жаңалығы емес, бірнеше жылдар бойғы ізденісі мен өзге тілдермен салыстыра отырып, жіті жасаған зерттеу жұмыстарының нәтижесі деуге болады.  Бірақ,  аты аталып, мағынасы түсінікті болғанмен бұл атаулардың әлі еш жерде нақты берілген жүйелі анықтамасы мен бекітілген терминдік атауы жоқ екен. Өйткені, аталған жаңа тілдік терминдер мен  анықтамалардың кейбіреулеріне қатысты(тіл үндесімі) ғалымдар пікірлері мен уәждемелері әлі біржақты болмай,  қарсы  пікірлер айтылуда.  Десек те, қазақ тілінің сөзжасам жолдарына қатысты жасалған жіті зерттеулер мен ізденістері  нәтижесінде дүниеге келген  терминдік атаулардың біразы сәтті шыққан деуге болады. Тек, алдағы уақытта айтылған сын-пікірлер ескеріліп, түзетілсе, біріздендіріліп, анықтамасына жүйелі түсіндірмесі берілсе, – қазақ тіл білімінің жаһандану дәуіріндегі жарқын жетістіктерінің бірі болар еді.

          Сондай-ақ, жаңа емле  жобасында  кірме сөздер мен шеттілдік сөздердің де ара жігі ажыратылып, олардың орфографиялануы  нақты көрсетілген.

Бұрынғы қалыптасқан ұғым  бойынша  кірме сөздер дегеніміз – тілімізге басқа тілдерден әртүрлі себептермен енген сөздер. Қазак тілінің сөздік құрамындагы кірме сөздер негізінен төрт халыктың тілінен келіп енген. Олар: араб тілі, парсы тілі, моңғол тілі және  орыс тілі.

Ал жаңа емле бойынша  кірме сөздер – қабылдаушы тілде фонетикалық жағынан бейімделген, қабылдаушы тіл жүйесіне енген, тілдің төл иесі үшін бөгде тіл екендігі байқалмайтын сөздер. Тілдің лексикалық жүйесінің ерекше саласын құрайтын, өздерінің «шетелдік» бейнесін сақтаған, сондықтан да тілді пайдаланушыларға «шетелдік» қасиеті көрініп тұратын, тілдік санада шетел сөздері ретінде қабылданатын сөздерді – шеттілдік сөздер деп атауды ұсынған.  Бұл терминге де қатысты ғалымдар пікірі әлі біржақты емес екені әлеуметтік желі, БАҚ-тарда жарияланған ақпараттардан белгілі. Дегенмен, шетел тілінен енген сөздер тілімізге жартылай сындыру механизмі арқылы әдемі игерілуде(álbom, ansámbl, búdjet, gastról, múzıkl, marketıń, т.б)

       Қорыта айтқанда, латын графикасына негізделген  жаңа әліпбиге біртіндеп көшудің әрбір сатысын Қазақстан халқы басынан өткеріп, санасына сіңіріп, бейімделу кезеңіне аяқ басып келе жатыр. Латыннегізді қазақ әліпбиіне көшуге байланысты Елбасы жарлығы шыққаннан бастап,  осы күнге дейін халыққа түсіндірме насихаттық, сынама жұмыстарын жүргізуге атсалысып келе жатқан Қызылорда облыстық тілдерді оқыту орталығы жергілікті ересек тұрғындарды «Жаңа қазақ әліпбиі және емлесі» бағдардамасын дайындап,  оқытып, үйрету жұмыстарын жүргізуді бастап та кетті.  Біздің орталық мамандарының міндеті –  жаңа емле ережесіне пікір айтып, түзету енгізу емес, тек жарыққа шыққан жаңа  дүниені халыққа меңгерту болғандықтан, осы  мақаланы жазудағы  мақсатымыз –  жаңа емлеге қатысты  жаңа тілдік ұғымдарды жалпы  таныстыру.  Аталған  жаңа  тілдік теминдер  40 сағаттық  «Жаңа қазақ әліпбиі және емлесі» оқыту курсы барысында толық түсіндіріліп, жазу дағдысын қалыптастыру жұмыстары  арқылы меңгертіледі.  Сондықтан,  алдағы уақытта емлені жасап, дайындаған ғалымдарымыз әлі де емлені жетілдіріп, халық игілігіне айналатын нағыз қазақ ұлттық тілінің жаңа емлесін жарыққа шығарады деп сенеміз.