МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ САЯСАТЫ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТТІ

Бүгін Қызылорда облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Қазбекова Мира Жомартқызы Облыстық тілдерді оқыту орталығында қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға мекемелердегі тілге жауапты мамандар, қала тұрғындары, кәсіпкерлер мен тілші-ғалым қатысты. Басқарма басшысы қабылдауға келген әрбір азаматты жеке қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сауалдарына жауап берді.

Мемлекеттік тіл саясаты бойынша өткізілген қоғамдық қабылдауға жергілікті мекемелердің тіл мамандары сала бойынша құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілу жайына тоқталып, латын әліпбиіне көшуге байланысты құжаттарды ауыстыру жөнінде сауалдарын қойды. Сонымен қатар кәсіпкерлер де маңдайша жазуларының латын әліпбиіне ауыстыру заңдылығы төңірегінде кеңес алды. Көрнекі ақпараттардағы қателіктердің көбеюін алға тартқан Қабат Жайна біріздендіру бағытында жұмыс жүргізетін еріктілер тобында жұмыс жасауға әзір екендігін білдірді.

Қабылдауға келгендер арасында жеке шығармашылықпен айналысып, соған қолдау көрсетуді өтінгендер мен мамандықтары бойынша жұмыс сұрап келген азаматтар да болды. Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың ф.ғ.к, тілші-ғалым Б.Боранбай Қызылорда облысындағы жер-су атауларының картасын жасауға байланысты авторлық жобасы бар екендігін айтып, сол жобаның жүзеге асуына қолдау көрсетуін сұрады.

Қабылдауға келген барлық азаматтардың сұрақтарына басқарма басшысы Мира Жомартқызы сол жерде жауап беріп, қаралуы тиіс ұсыныстар бойынша тиісті мамандарға тапсырмалар берді.