ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫС АЯСЫНДА ӘДІСТЕМЕЛІК ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ САҒАТЫ ӨТТІ
Бүгін орталық ұжымы өзара әріптестік байланыс аясында Павлодар облыстық “Ана тілі орталығы” ЖШС директоры, Қазақ тілін оқытуға арналған бірнеше әдістемелік құралдар мен жобалардың авторы Кинжикова Шолпан Духтурбайқызымен онлайн жүздесіп, тәжірибе алмасты. “Қазақ тілін оқытудың SMART әдіс – тәсілдері” тақырыбындағы онлайн басқосудың негізгі мақсаты – Павлодар өңірінде қазақ тілінің өрісін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнап, білім-білік тәжірибесін жетілдіруге күш-жігерін жұмсап, әдістемесін заманауи технологиялармен жетілдірген іскер басшы, тіл жанашыры Ш.Кинжикованың шеберлік сабағымен және “Ана тілі орталығының” жұмыстарымен танысу болатын. Орталық директоры Л.Ортаева ұжым мүшелерін таныстырып, тәжірибе сағатына сәттілік тіледі. Сөз тізгінін алған Шолпан Духтурбайқызы «Ana tili» мобильді қосымшасының қолданылуы мен тиімділігін іс жүзінде көрсетті. Шеберлік сағатында оқытуға арналған интербелсенді әдістердің қолданылуы мен жұмыс нәтижесін оқытушылар назарына ұсынды. Қашықтықтан оқыту кезіндегі қарапайым деңгейді меңгерудің өзіндік мақсаттары, нәтижеге бағытталған жұмыстардың ұйымдастырылуы, бір мезетте онлайн кері байланыс жасаудың түрлерін көрсетті. Орталық мамандары тыңдаушы ретінде бірнеше жаттығулар орындап, оның ішінде диктант жазу, латын әліпбиін меңгертуге байланысты жұмыстар, флештренингтер т.б озық үлгідегі жұмыстарды көріп, сол мезетте қолданды. Тіл жанашыры ретінде мемлекеттік тілді дамыту жолында жасап жатқан ноу-хоу жаңалықтарымен бөлісті. Тәжірибе алмасу сағаты барысында оқытушылар оқытуда кездесетін проблемалар туралы айтып, оларды жеңуге арналған керек кеңестерді алды.
Тәжірибе алмасу сағатының қорытынды бөлімінде қатысушылар екіжақты өзара әріптестік байланыстың алдағы уақытта одан әрі нығая түсетіндігіне сенім білдіріп, Шолпан Духтурбайқызына орталық атынан алғыс білдірді.