Тобық Жармағамбетов шығармаларының көркемдік ерекшелігі
Орынбаева Алтынай.
Гуманитарлық ғылымдар магистрі, «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-нің мемлекеттік тіл оқытушысы
Аңдатпа: Бұл мақалада Тобық Жармағамбетовтің көркемдік дүниетанымы мен шығармашылық жолы туралы айтылады.Оның басты «Отамалы» мен «Нәзік бұлттар» шығармаларының тілдік құрылымы мен жазылу ерекшелігі туралы баяндалады. Ірі шығармасы «Отамалы» сөзінің этимологиясы және әр зерттеушілердің пікірі туралы сыр шертіп, талдау жүргізіледі.
Тобық Жармағамбетов 1934 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданы Жарқамыс ауылында дүниеге келген. 1957 жылы ҚазМУдің филология факультетін бітірген. Сосын өзінің туған поселкесінде орта мектепте мұғалім болған. Одан кейін Ақтөбе телевизия студиясыныңаға редакторы және бас редакторы болыпқызмет атқарған.Ақтөбе облысының «Коммунизм жолы» газетіредакциясындажәнеөмірініңсоңғыкездеріндемәдениескерткіштердіқорғауқоғамындақызметістеген. Сосын өзінің туған жерінде орта мектепте мұғалім болып жасаған. Кейін Ақтөбе телевизия студиясының аға редакторы және бас редакторы болса, Ақтөбе облысының «Коммунизм жолы» газеті редакциясында және өмірінің соңғы кездерінде мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында қызмет істеген. КПСС мүшесі.Т.Жармағамбетов аз өмірі ішінде повесть, әңгіме жанрында, теледраматургия саласында еңбек етті.
Мұхтар Құрманалин жазушы Тобық Жармағамбетов туралы былай деп сөз еткен болатын. «Ол әдебиет әлеміне жарқ етіп көрінді де, жанып үлгере алмай, ерте дүние алды. Табиғаттың өзі толғатып туған тамаша таланттың бар асылы бойында кетті». Жас кезінен шығармашылықпен айналысып, артына мол мұра қалдырған Тобық Жармағамбетов еңбектері шеберлікпен суреттелген.
Т.Жармағамбетов жазушылық шеберлігімен қоса, ақын да болған. Оның өлеңдері нәзік, лирикаға бай, жүрекке жылы тиетін-ді.
Тұнып тұрған балқаймақтай түн еді,
Тек қысылып бұлақ жаймен күледі.
Аспандағы самсап тұрған жұлдызға
Көршіміздің жас күшігі үреді…[1]
Әдебиет әлемінің майталмандары секілді Тобық Жармағамбетов те алғашқы қадамын өлеңнен бастағанын бірі білсе, енді бірі біле бермес. Қай қызметте жүрсе де, қолынан қаламы мен қағазы түспеген талантты тұлғаның «Нәзік бұлттар», «Екі жүрек», «Сентябрь түні» деген атаулармен повесть, әңгімелер жинақтары шыққан. Әдеби орта әдебиетке ерекше талант иесі келді деп қуанып, жар салып жатты.
Өмірге деген көзқарасы түзу, өмірді шынайы сүйетін, жалынды жүрегі өмір күйін шертіп өткен тау тұлғалы Тобық Жармағамбетов өмірден ерте озса да шығармаларымен ел жадында сақталған.
2013 жылдың 16 мамыр айында Ақтөбенің Жарқамыс орта мектебінің тарих пәні мұғалімі Самал Жиенбаева «Нәзік бұлттармен сырласу» деген әңгімесінде:
Нәзік бұлттар…. Бұл Тобық ағаның туған ауылының аспанында үнемі қалқып тұратын бұлттарға қойған есімі. Шынында да ауыл аспанында тұрған осынау шүйке-шүйке бұлттарға қарасам, жерлес жазушы Тобық ағамыз есіме түседі. Есіме түседі де, иә «Нәзік бұлттар» деген осылар екен ғой деп ойлаймын» деп нәзік бұлттарға нәзік үнді пікірін жеткізген.
…..Ақтөбенің бұлттары болып алаң,
Деп сұрайды: «Қайда сол Тобық аға?»
…. Тобық ағам әрине Жарқамыста,
Жарқамыстың бұлттары толық аман.
«Көк аспанға жүрсек те қонып тегі,
Несібеміз жердегі толық,» – деді. [2]
Шынымен-ақ, оқырманның көңілінен шығып, назарын аудартқан шығарманың бірі десек те болады.
Автордың келесі бір белгілі шығармасы – Отамалы деп аталады. Бұл атаулы шығармасын Нобель сыйлығының лауреаты Э.Хемунгуейдің шығармаларына пара-пар әлем әдебиетінің алтын қорына қосылуға лайық дүние деп бағалады. Бұл шығарманың құнды әрі бағалы екеніндігінің айғағы. Ол алғашқы повестерімен-ақ бүкіл әлемге жарқырап танылды. Кітаптары оқырмандар қолына тие бермейтін, іздеп оқитын асыл дүниеге айналған.
Өмірден ерте озған Тобық жазушының өз уақыты мен тұтас бір ұрпақтың ғұмырнамасын арқау еткен «Қарала сиыр», «Қара жаңбыр», «Жан», «Қызыл ай», т.б. әңгіме-хакаяттарында шынайы шындықпен суреттелген нәзік мұң, сәулелі романтика өлеңдей егіз-қатар өрбіп отырады. Ішкі лирикалық иірімінің әсер мен күш қуаты жөнінен бұл жинаққа енген туындылардың қай-қайсысы да прозадағы поэзия іспеттес.
Тобық Жармағамбетов аңыз-әңгімесінде қой-ешкіні қазақ халқының төл түлігі, мал баққан халықтың өмір салты ретінде таңдап алды.
«Отамалы» шығармасын оқыған оқырманның назарын «отамалы» сөзі аудартатыны рас. Бес күн соққан боранды біздің халық «Отамалы» немесе «Бесқонақ» деп атап кеткен. Бұл қазақтың даласында сонан бері жылда сол уақытта бір соғып тұрады екен.
Қазақтың көне даласы осы аңызды жыл сайын қар еріп, жер аяғы кеңігеннен кейін ызғырақ қайта соққанда бір естиді. Сонда осы анызды кәрі жусандар зарлап айтқанда, байғұс қияқтар мұңға тұншығады екен. Сонда төбелер егіліп, ашуға булыққан өзен кемерінен асады екен, — деседі қариялар.
Сатирик-жазушы Табыл Құлияс пікірінше: «Отамалы негізінен батыс өңірінде болады. Үш-төрт облысына тән құбылыс. Отамалы өтпей малшылар сақтығын жоғалтпайды. Бұл қыс пен көктемнің алмасу кезеңі» деп пысықтайды.
Біз талдап отырған «Отамалы» сөзі «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында да кездеседі. «Жазғасалымның ең жайсыз кезін әнеукүні әжесі «отамалы» деп атап еді.
–Осы «отамалы» немене? Не деген сөз өзі? – Абай соны сұрады. – Отамалы көкек айының он бірінде кіріп, он жетісінде шығады.Желсіз, борансыз өтпейді. Қыстың ең соңғы зәрі сонда. Отамалы деп атанғаны – бір байдың Отамалы деген қойшысы болған екен. Сол пақыр күн қайырады екен-ау! Көкектің суығы басталған уақытта, әлгі, қойды жайылысқа шығарайық, боран болады. Қойдың қыстан титықтап шыққан кезі, малыңнан айырыласың десе, байы бір діні қатты кәпір екен. Сен тоғышарлық қылып алдап отырсын деп, Отамалыны сабап-сабап, қойды жайылысқа шығартады. Сол күні, құдай көрсетпесін, бір қатты боран басталып, тақ үш күн, үш түн соғып, бар қой ығып кетіп қырылыпты да, қойдан қалмаймын деп, Отамалы пақыр да үсіп өліпті. Көкектің суығы – «отамалы» атанғаны содан дейді. Әжең пақыр соны біледі ғой, – Қарабас». [3] Бұл әңгіме Тобық Жармағамбетовтың «Отамалы» желісі арқылы айтылғаны мәлім.
Шығарманың бастауы «ертеде қазақ даласын борандар мен аңызақтар, жұт пен қасқырлар, сосын… аздаған қазақтар жайлайтын. Қазақтың даласы төбелерден тұратын. Әр төбенің баурайында тілін жалаңдатып жұт жортатын. Әр төбенің ар жағынан қамшыдай суырылып шығып боран ышқынатын. Әр төбенің астында қасқыр жататын. Сол көп төбелердің бірінің баурайында Отамалы деген қойшы өмір сүрген екен…» делінген.
Бұл аңыз арқылы табиғаттың тылсым дүниелерін, үздіксіз соққан долы желін, қылышын сүйреген қысты шынайы сезініп, денең құдды бір қыстың қытымыр аязында қалып қойғандай күй кешеді. Сондай-ақ солтүстіктегі мәңгі мұз тауларының арасында ұмыт болып қалған аңызды сары далаға қайта айдап әкеледі. Сондағы қаптай жауған қар қиыршықтарының әрқайсысында осы аңыздың мұз боп қатқан түйіршіктері ұшып жүреді. Сол кезде аңыздың әлсіреп жеткен мұң-зары кең даланы тұмандай бүркеп кетеді. Бұл мұң біресе жусан басына соғылып, біресе қияқты тұншықтырады. Біресе жазыққа жайылып, біресе бұлтқа сіңеді. Биік құздың басынан жел болып құлап, сай-салаға тығылады. Өзен бетінде шыны толқын болып ойнайды. Жер үсті, аспан асты жүрек зарына толып, төбелердің баурайын қайғы шарбысы қоршап алады. Бұл бейне дәл қыстың қақаған аязын, ырғарлы желін, ысқырық жел – боранын дәлме-дәл суреттеп тұр.
Жазушы Тобық Жармағамбетов шығарма желісін жалғыз басты Отамалыны басты кейіпке енгізіп, бар өмірін малға бергенін және күн-райының мінезін аңқарғанымен қызықты еткен. Иә, ол жалғыз басты. Үйленген жоқ. Отыз жыл бұрын, жігіт кезінде үйлендіреміз деп істі қолға алғандар болған-ды. Кейін ұмыт қалып, бітпеген істей қалған. Алайда мұның басты себебі, өміріне жетер мал-мүлкі, ризығы болмағасын деп түсінуге болады. Оның бары- әкесі, шешесі де, сүйген жары да – жайлаудағы өзен-төбелер, қырқа-сайлар, жусан, қияқ, дала гүлі еді. Романында табиғат көрінісі қаһарманның көзімен, көңіл түйсігімен орайлас беріледі. Баяндау арқылы кейіпкердің көңіл күйі астарласа, қатарласа жүріп отырады. Көлемі шағын романға бір Отамалы кейіпкердің өмірі мен тәжірибесі, тағдыры мен күрес-тайталасы, өздігінен қылышты, бораны уытты қыспен арпалысқан бейнесін көруге болады. Жайылымға қойларын айдаған Отамалы жаны үшін емес жауапты етіп берген өз ісінің адалдығы үшін күресін байқатқан шығарма автордың шынайы шеберлігін дәлелдеген. Оқырман көңілінен орын тауып, бар болмысты дәлдеп көрсетіп, өзі үшін емес өзге үшін күрескен бейне арқылы көп нәрсені түсінуге болады.
Жазушы әр детальды мұқият таңдайды. Жеті қат көктегі жұлдыздар жердегі өсімдіктей тоңып тұрғаны Отамалының басына үйірілер, өлімге итерер дүлей зұлматты астарлайды.
Тобық Жармағамбетов қаламының құдіреті сол, жан-дүниесіндегі қазақы ұлы мейірімін боранда ыққан панасыз малға арнайды. Ол малдың үскірікке ұрынуын трагедиялық биікке көтерген. Қой екеш қойды адамдай, жаңа туған қозысын нәрестедей көріп, аяп, үсік ұрған сайын жаны қалмай елжіреп, құсадан егілетін кім? Отамалы. Отамалыны тірілткен Тобық емес пе! Егіліп шер жұтқан Тобықтың өзі. «Қойлардың жалынышты маңырағаны ертіп келе жатыр оны», «Ызғырық желдің өтінде екеуі шоңқиып қала берді». Қойшы көкірегі зар жылайды. «Отамалы бүкіл денесімен селкілдеп, дірілдеп кетті. Ерні кемсең-кемсең етіп, түсі бұзылып қоя берді. Қойлардың жаппай қоздайтын уақыты жеткен екен ғой. Қазір дүниеге келген жас қозыларымен бірге қатып жатыр!». Бейнетқор, адал қойшы қара басын емес, қорғансыз, кенет долданған қу далада пана таппай қырылуға айналған қайран малды ойлап жаны түршігеді, сол үшін түңіле азап шегеді. Әзиз жаны кейіп, малды жайылымға зорлықпен жіберген ашкөз байды қарғайды.
Шығарма желісі қызықты. Зейнолла Серікқалиевтің сөзімен айтқанда «Қазақстанның сонау қиыр батысынан- Ақтөбеден жазатын Тобық Жармағамбетов дейтін бір талантты жігіттің халық аңызы негізінде туған «Отамалы» әңгімесі осылай басталады, аза бойыңды тік тұрғызып, оқушыны бірден баурап алады.» деген.
«Отамалы» шығармасында адамзат аңсай беретін мейірім кені жатыр. Қазақ халқының рухани болмысын еректеп тұратын жан иесіне мейірбандық, рақым, жанашырлық, биік адамшылық гуманизм – поэтикалық-мифтік әңгіменің алтын өзегі. Ақ өлеңдей әр сөйлемі көркем, екшеп алуға татиды. Тобық Жармағамбетов дүниені құрсаған мұзды жібітер мейірімді жырлады. Отамалы өзін мен демей, үшінші жақтан атап «Отамалы» деп жас балаша сөйлеуі тектік нышан, әңгіменің аңыз жанрында екенін экспрессивтік күшейте түседі. Отамалының құла түзде мың қоймен жалғыз өзі ығып, сұрапыл суыққа ұрынуын Тобық жазушы мифологиялық үлгіде берген. «…бір мыжырайған төбенің бауырынан ызғырық жел кенеттен қойлар мен Отамалыға тап берді» деген сөздер жазушының қаһарлы ойынан туғандай.
Әдебиетімізге «таныс, бейтаныс» болып енген кей тұлғаның бірі – Жапан. Шығарма желісінде ол қара мұртты, зереңге мұртын малып шұбат ішіп отқан кейіпте бейнеленген. Отамалы осы байдың малын бағушы шопан еді. Әр кейіпкерді детальды түрле бейнелеуінің құпиясы – жазушының сендірмей қоймайтын көркем шындыққа жетуінен, тұлғаның түсін де, ісін де шеберлік аша білуінен.
Ауа райының қолайсыз тудыруын алдын ала сезе отырып, қойлары үшін жайылымға шыққан Отамалы ақыр соңы аяқ асты соққан долы жел мен құйыннан жан-жаққа ыдыраған қойларының басын біріктіріп әлек. Әйтсе де боранмен арпалысып, қойларын панасына жеткізбекші оймен болған Омамалыны тек бұл соққы боран емес Оның көңілін теңіздей шайқайтын, жүрегін сыздататыны өзінің де жалғыз лашығы еді. «Лашығым көміліп қалды-ау» деп көз алдында әр нәрсені бір елестетеді.
Отамалы боранмен емес өмірмен алысты. Арпалыс үстінде, өткен өмірін ойша бір сүзіп, «адам дегеннің өмірі жыланның бойындай қысқа екен ғой. Бірақ соның өзі тұнып, тұрған азап, азап, азап…» деп күрсінеді. Әрине, өмірмен алысу, оның ыстық-суығын сол күйінше қабылдау әсте қиын. Қылышын сүйреткен аяз Отамалыны шынымен де сермегендей. Ұлы Абай ақын қысты суреттеуінде «Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды, Үсті-басы ақ қырау, түсі суық, Дем алысы – үскірік, аяз бен қар» деп кейіптеп, кәрі құда, беймаза шалға теңейтін. Тобық Жармағамбетов ежелгі халық қиялы эпикалық құлашпен қисындап, жаратылыс нышанын кісі бейнелі етіп, метафоралық тілмен жұмбақтай кескін деген табиғи құбылысты нысан етіп дәл таңдады. «Отамалының» кереметі, жыл мезгілінің құбылмалы кезеңін, табиғат тосын құбылған, қыс пен көктем таласқан алмағайып мезетті тұлғаландыра, нандыра суреттеуінде. Жыл он екі айда тайғақ кешу, бесқонақсыз болмайды. Жазушы қар аралас жаңбыр, көктемнің басқы салқын ауа-райының ең жайсыз жаламыр мезгілін образ арқылы суреттеуі – космогониялық портрет, оның прозалық теңдесі жоқ көркем үлгісі.
Шығарманың басы «Ертеде қазақ даласын борандар мен аңызақтар, жұт пен қасқырлар, сосын… аздаған қазақтар жайлайтын. Әр төбенің баурайында тілін жалаңдатып, жұт жортатын» деп басталатын. Отамалы – қойшы. Жазушы жалшының қара мұрт Жапан байдың үйіне келген сәтін бейнелегенде Шықбермес Шығайбай еске түседі. Тобық аға әңгіме тініне фольклорлық негізді дәл енгізгені ғажап. Ол ноғайлы жырауларының тұяғы, психологиялық параллель арқылы жер-көкті орап суреттейді: «Намаздыгерде Отамалы етігін жамайды, байеке намазын оқиды, қарға ұясына кіреді». Отамалы өзін мен демей, үшінші жақтан атап «Отамалы» деп жас балаша сөйлеуі тектік нышан, әңгіменің аңыз жанрында екенін экспрессивтік күшейте түседі. [4]
«Жұлдыздарға да қиын-ау, жап-жалаңаш, – деп ойлады Отамалы бір мезет». Асанқайғы, абыз толғау. Отамалы ауылдан ұзап кеткендегі төбелерді жазушы «қара жаулық жамылып» деп суреттейді, себебі оқушы жүрегі трагедиялық таңбаны сезінуі керек. Отамалының құла түзде мың қоймен жалғыз өзі ығып, сұрапыл суыққа ұрынуын Тобық аға мифологиялық үлгіде берген. «…бір мыжырайған төбенің бауырынан ызғырық жел кенеттен қойлар мен Отамалыға тап берді». [4]
«Алғашқы қозыны көргенде Отамалы өзін ұмытып кетті. Бишара саулық қозысының денесін жалағыштап жатыр екен. Бірақ оның да әлі жоқ. Отамалы қозыны көтеріп алды да, икемсіз қолдарымен шекпеніне енгізді».[4] Қозы әлі тайған, жансызданған қойшы қолынан сусып түсіп, көбік қарға тұншығып өлді, терең қардан аршып, арашалай алмай қалды. Ол қой жаппай қозылай бастағанда сұмдық қатты қиналады. Отамалы, халық «бесқонақ» атайтын мезгіл – көктемгі мал төлдейтін уақытқа дәл келеді. Мұндай зарды ешкімнің басына бермесін. Өлген мұз қозысын жалаған саулық. «Отамалының жүрегі қарс айрылды». Есі шыққан қойшы боран, жел, табиғат құбылысына айбат шегеді, Тәңіріге нала айтады. «–О, тәңірі! Не істегенің? Не қылғаның? Көкек айы, сенің айдарың жұлынсын!» деген Отамалының күйініші көркем кейіптеу. Айнала жас өлім. Оның бешпентін шешіп, лақтыра салуы өлімге мойынсұнғаны. Басындағы тымағын жел ұшырды. Есі кетіп, етіксіз, шұлғауы шешіліп, тәні бір қар, бір мұз болып қайғылана асып барады.
«Аспан іріп кеткен», «…құстар ұшуын, кесіртке жорғалауын, өзен ағуын қояды».[4] Автордың шеберлігі қиямет-қайымды еске түсіреді, тозақты бейнелеуде алдына жан салмайтын католик классик ақындар болатын.
Табиғат құбылуын суреттегенде жазушы «…су өгіздің ыңыранғанындай дыбыстарға толып кетеді», «Суық жел мыңдаған жыландарға айналып барады» [4] деп мифологиялық қанық бояумен беруі құнарлы.
Қойшының жан тәсілім етер сәті, ол – Отамалының таусылар тұсы, Құдай айдап әкелгендей құлпытасқа тап келуі. Өлерінде ол өзінің ұшып келе жатқан қазаны мен ошағын жанған отымен бірге көреді. Отамалы аруаққа айналды. Дүниеғайып. Қыс жеңілді, жазғытұрым келді. Отамалы да өтті.
Отамалыны кейіптеген Тобық та өмірінен ерте озған. Оның жазары көп еді. Айтары көп. Алайда Мұхатр Құрманалин тілімен айтсақ, «ол табиғат әлемінде жарқ етіп көрінді де, жанып үлгере алмай, берерінің бестен бірін бере алмай, ерте дүние салды. Табиғаттың өзі толғатып туған тамаша таланттың бар асылы бойында кетті. Соңғы сөзі қаламының ұшында қалды» деп қалам тербеген еді. Шынымен де қаламы ұшталмаған жазушының бізге берері көп. Артына қалдырған шығармалары әсем сөздермен көмкеріліп, бар
Қазіргі қазақ санасында Тобық Жармағамбетов әңгімесінің алтын шуағындай төгілген шынайы мейірім азайып, сарқылып барады. «Тобық Жармағамбетов — қазақ ұлтының кешегісі ғана емес, ертеңімен де қол ұстасып бірге кететін тұлға.» деп жазушымен дәм-тұздас болған Сәбит Баймолдин сол 1994 жылы осылай пікір қалдырған екен.
Тобық жазушы өте ерте яғни отыз тоғыз жасында кетті. Данте айтқан «жер ортасы» – отыз үш жас – ойлы адамның не бұдан әрі өрлей түсетін, не кері құлдырайтын межесі. Тобық Жармағамбетов те осы бетбұрыс, жолайрық кезеңінде сынған секілді. Ең басты себебі, жаңа айтқанымыздай, ұлттық танымның тұсаулы өрісі, саяси-әлеуметтік көзқарастың дүдәмал қалыбы. Жазушының атын естіген бойды «Отамалы» шығармасы да еріксіз еске түседі. Сонымен қатар нәзік үнмен жазылған – «Нәзік бұлттар» шығармасы да таңдамалы шығармасының бірі.
Талантты жазушы Тобық Жармағамбетов бұл атаулы шығармасын 1966 жылы жарыққа шығарған. Оның жазылу ерекшелігін «Тіл мәдениеті жоғары, суреттері айшықты, бейнелері – шынайы, нақты. Түнгі дала кейпі, ауылға – жаздық жайлауға демалыста келген студент жігіттің көңіл ауаны – жетілген, қас суреткердің қолтаңбасын танытады» деп суреттеушілер көп. «Нәзік бұлттар» атты повестен біздің көретініміз Теміржан, Күнсая, Ілия сияқты қазіргі жастарымыздың батыл әрі арманшыл, ер тұлғасы. Сонымен қатар олардың нәзік сезімінің куәсі бола аламыз. Кең дархан даламыздың сұлу көркі мен әсем табиғатымен сусындаймыз. Повестің тілі нәрлі, бояулы. Оқиғасы тартымды әрі оқырман қауымы үшін қызықты.
«Нәзік бұлттар» шығармасы ХХ ғасырдағы қазақ прозасының алдыңғы таңдамалы беттерінің қатарында. Аталмыш роман тұтастай алғанда ескірмейтін, кейін де сұраныспен оқыла беретін сапалы бір шығарма.
Ал «Отамалы» аңыз-толғауы біздің классикалық әдебиетіміздің өзгеше бір үлгісі болып қала бермек.
пайдаланылған Әдебиеттер тізімі
- Қаратаев М.Қазақ әдебиетінің тарихы. 3-том, 2-кітап. – Алматы: Ғылым, 1967.
- Бердібаев Р. Қазақ прозасындағы замандас тұлғасы. – Алматы: Қазақстан, 1968.
- Уахатов Б.Көркемдік ізденістер. – Алматы: Жазушы, 1991.
- Қирабаев С. Алыстағы аудан өмірінен очерктер // Өрлеу жолында. – Алматы: ҚМКӘБ, 1960.
- Ғабдуллин Н. Қаһарманның адамгершілік әлемі // Замандас келбеті. – Алматы: Жазушы, 1972.
- Елеукенов Ш. Адам деп ат қойған соң… // Замандас парасаты. – Алматы: Жазушы, 1977.
- Ерлікке жаралған ұрпақ жазушысы //«Қазақ әдебиеті». 1992, 4-желтоқсан.
- Сахариев Б. Жастықтың өзі – жайсаң жыр // Күрескер тұлғасы. – Алматы: Жазушы, 1979.
- Дәдебаев Ж. Ақиқат пен аңыз арасы // Шымырлап бойға жайылған. – Алматы: Жазушы, 1988.
- Қазбеков Н. Ақиқаты – аңыз, аңызы – ақиқат // Ой таразысы. – Алматы: Жазушы, 1991.
- Кәкішев Т. Шынайы өмір жыршысы // «Қазақ әдебиеті», 1992, 4-желтоқсан.
- Кемелбаева А. Отамалы // «Қазақ әдебиеті». № 5, 2014.
- Есбалаева Р.Ж. «Шал мен теңіз». Прозадағы психологизм. Сілтеме: https://adebiportal.kz/kz/news/view/shal_men_teniz_prozadagi_psihologizm__22195