БЕЙВЕРБАЛДЫ АМАЛДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ-МӘДЕНИ НЕГІЗІ ЖӘНЕ ОНЫҢ Ә.КЕКІЛБАЕВТЫҢ «ШЕТКЕРІ ҮЙ» ПОВЕСІНДЕГІ КӨРІНІСІ
Төребай Балауса Қанжарқызы
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті, Қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының магистранты Ғылыми жетекші – Сарышова Күлдірсін Сейтжанқызы
Қызылорда, Қазақстан
Аңдатпа: Бұл мақалада кемеңгер жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Шеткері үй» повесіндегі бейвербалды амалдартолық сараланып, талданады.
Түйінді сөздер: бейвербалды амалдар, ұлттық-мәдени ерекшелік, ым-ишара, коммуникация, таным, стильдік шеберлік, көркем тіл, кинесикалық, проксемикалық, просодикалық амалдар, психология.
Бүгінгі таңда қазақ тіл білімінде көркем шығарма тілін стилистикалық тұрғыдан қарастырумен қатар коммуникативтік, танымдық жағынан зерттеу ерекше орын алады. Ол тілсіз қарым-қатынастың әр түрлі қырларын сипаттайды. Бейвербалды амалдардың қолданылу ерекшеліктері, білдіретін мағыналары, олардың ұлтымыздың мәдениетімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен, ұлттық-мәдени ерекшеліктерімен байланысы қазақ тіл білімінде жан-жақты талданып, толық жүйеленген деп айта алмаймыз.
Бейвербалды амалдар мәселесі М.Мұқанов[1], С.Татубаев[2] еңбектерінде айшықтала түскен, сондай-ақ А.Каримова бейвербалды амалдардың жазушы шығармасындағы ерекшелігін[3], Б.Момынова мен С.Бейсембаеваның ым-ишараттың түсіндірме сөздігін[4], М.Ешимов бевербалды амалдардың омондимдік қатарын[5] зерттеген мақалалары осы саланы қызықтырып жүрген ізденушілер үшін құнды мәлімет болып табылады.
Аталмыш ғалымдар қазақ тіліндегі бейвербалды амалдарды мәндік-мазмұндық тұрғыдан әр түрлі қырынан қарастырады. Бейвербалды амалдарды алғаш зерттеу Г.Спенсер, В.Вундт, Ч.Дарвин еңбектеріннен бастау алған деген мәлімет бар [6]. Ч.Дарвиннің 1872 жылы жарық көрген «Эмоцияның адам және жануарларда бейнеленуі» атты еңбегінде тілдің шығу тарихы мен ым-ишараның байланысуы, дамуы туралы айтады.
Осы саладағы зерттеулерді қарастырғанымызда көптеген зерттеуші ғалымдар бейвербалды амалдардың сөйлеудегі ерекшеліктеріне аса мән бергендігін байқадық. Сонымен бірге бейвербалды амалдар адам өмірінде қандай қызмет атқаратындығына да талдау жасаған. Мысалы, Иранда дүниеге келген француз психологы Альберт Мейербиан адамдар қарым-қатынас кезінде вербалды амалдар (тек сөз) – жеті пайыз, дыбыс, интонация – отыз сегіз пайыз, бейвербалды амалдар – елу бес пайыз қолданады деген тұжырым жасайды [7]. Ал профессор Бердвислл адамдар қарым-қатынасында отыз сегіз пайыз – сөз, алпыс бес пайыз – хабар бейвербалды амалдардың көмегімен беріледі деген пікірін де ескерусіз қалдыруға болмайды деген ойдамыз[8].
Коммуникациядағы ым-ишара, дене қалыбы, интонация вербалды құралдармен, яғни тілмен, сөйлеумен жеткізілген хабарларға қарағанда, маңыздырақ әрі сөйленістегі мағынасы үстемірек болып саналатындығы шындық. Қарым-қатынаста тілмен қоса жүретін тілдік емес амалдар әрбір айтылған ойды толықтырып, оған қосымша мағына береді. Бұл тұжырымды тілші ғалым Т.Қордабаевтың: «Ым тілі жасанды емес, ол ұрпақтан ұрпаққа ауысып, мұра ретінде беріліп отыратын табиғи құбылыс. Шарттылық ым тілінде тым елеусіз, сондықтан ол негізінде интернационалдық құрал, оны бірінің тілін бірі білмейтін адамдар да түсіне алады. Барлық халықта жұдырық көрсетуді қорқыту деп, қол бұлғауды шақыру деп түсінеді. Сөйленістің вербалды тәсілдерімен бірге жүретін кинесикалық, проксемикалық, просодикалық амалдар мен қимылдар лингвистикада бейвербалды қатынастың құрамында болатынын түсіндіреді. Шынында да, адамдар бірін-бірі белгілі бір дыбыстар арқылы ғана емес, қимылдар арқылы да түсінісе алады» [9, 34], – деп білдірген пікірі тұрғысынан қарап, Ә.Кекілбаев әңгімелеріндегі бейвербалды амалдардың ерекшелігі арқылы қалыптастырдық. Себебі жазушы өз шығармаларында бейвербалды амалдарды көптеп пайдаланған.
Қарым-қатынастың бейвербалды түрін, жасалу жолдары мен қарым-қатынастағы табиғатын ашып көрсету, оның көркем әдебиеттегі көрінісі мен алатын орнын талдап-жүйелеу көркем шығарманы автор ойын терең түсінуге ықпал етеді. Мұндай мақсатқа жетуге арқау болар тілдік материалдардың бірден-бір қайнар көзі – жазушылар шығармашылығы.
Қарым-қатынастағы ым-ишаралардың нақты қандай қимылды аңғартып тұрғандығын Ә.Кекілбаев әңгімелеріндегі бейвербалды амалдармен ілесе жүретін вербалды амалға назар аудардық. Әңгіме мәтініндегі ым-ишараның қалай іске асатындығын, қандай жағдайда қолданып тұрғандығын айшықтап көрсетіп береді.
Бейвербалды амалдарды өз орнымен қолдану, шығарманың танымдық-тағылымдық мəнін күшейтіп, əсерлілігін арттыра түсетіндіктен, бұл мəселені зерттеу тілдік жəне тілсіз қатынасты жете меңгеруге жол ашады.
Жазушының көркем тілі белгілі бір оқиғаны оқырман сезіміне əсерлі, бейнелі етіп жеткізеді. Сол əсерлілік пен бейнелілік түрлі амал-тəсілдер арқылы жүзеге асады. Сондай амалдардың бірі – көркем бейне жасаудағы бейвербалды амалдардың қызметі. Ә.Кекілбаев әңгімелері осындай бейвербалды амалдарға бай. Жазушы бейвербалды амалдарды пайдалана отырып, өзінің стильдік шеберлігін шыңдайды. Әбіш Кекілбаевтың «Шеткері үй» әңгімесіндегі Зуһра кейіпкерінің ішкі жан дүниесі, психологиясы бейвербалды амалдар арқылы ашыла түседі. Мысалы:
Ол қапелімде, кімнің не айтып жатқанын да ажырата алмайтын-ды. Біраздан соң залдағыларды жағалай шолып, әркімнің бетіне үңіледі.
Біреу-міреуі «тесіліп не іздеп отырсың» деп бетін қайтарып тастай ма деп, дереу еденге қарап тұқшиып кетеді. Ың-жың дыбыстан басы айналғасын тағы да зал ішіне көз жүгіртеді.
Көздері ұшырасып қалғанда екі беті ду қызарып, әрі бұрылады.
Зуһраның жұрттың не айтып жатқанында шаруасы шамалы, екі көзі досының сөзіне жұрт дуылдата қол соққан сайын жұрттың тасасына бұға түскен момын сарыда.
Бүгін де, ертең де құлағы қып-қызыл боп өзгелерді тыңдайды да отырады.
Кей-кейде аузы қышып сөйлеп тұрған шешенге сөз қыстырып, күңк ете қалатыны бар.
Сосын-ақ бұрын мінбеден айтылып жатқан әр сөзді қағыс жібермей аңдып отыратын қараша жігіт аяқ астынан мойын омыртқасы қисайып кеткендей, ылғи шет жаққа кеп жайғасатын бұдан көз айырмай қадалсын-ай кеп. Зуһра енді жапалақ-жапалақ қарап қоятын момын сарының жүзін бір көруге мұң болды. Қараша жігіттің өңменіңнен өтіп бара жатқан томаға көзіне беттей алмайды.
Көпке дейін төңбекшиді де жатады.
Қасына жақындай беріп, бетіне еңкейіп, әуелі құлағының түбінен иіскеп жүреді.
Ауызғы үйдің бір қапталындағы бөлмеден әлдекім жөткірінді. Іш көйлегінің әнтек түріліп, омырауына жиылып, ұйпалақтанып қалғанын, одан төмен денесінің мұз қарығандай түршігіп бара жатқанын сонда барып аңғарды.
Осы мысалдардан көріп тұрғанымыздай, вербалды амалдармен жеткізілген хабарда кейіпкердің эмоциясын, оның қандай жағдайда және нені меңзеп тұрғанын толықтай білуде тілдік амалдарға қосымша мағына беріп, сөйлеушінің қарым-қатынас барысында қолданған ым-ишарасы оның көңіл-күйінен хабардар етеді.
Бейвербалды амалдар туралы көзқарастар мен алғашқы ойларды қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Қ.Жұбанов еңбегінен көруге болады. Ғалым ымның ерекшелігі туралы: «Ауызекі сөйленетін сөздердің андай-мұндай қисығын елетпейтін басқа жағдайлар бар. Дыбыстап сөйлеген сөздің олқысы, көбінесе, ыммен толығады. Тіпті бірінің тілін бірі білмеген я болмаса, бірінің тілі мүлде жоқ болған уақытта да, ыммен ылаждап түсінуге болады». Қ.Жұбановтың ойынан бейвербалды амалдар ауызекі тілдің ажырамас бөлігі екенін, сонымен қатар қарым-қатынасқа көмекші компонент ретінде рөл атқаратынын аңғарамыз. Біз қарастырып отырған Ә.Кекілбаевтың «Шеткері үй» әңгімесіндегі Зуһра мен шешесінің, Зуһра мен Күзембаевтың өзара әңгімесі барысынан да байқаймыз.
— Өлім оңай емес. Қара шал кеткесін тірілей жер тістеп менің де отырысым мынау. Бірақ, біздікі кәрілік. Ал, саған не жорық? Жәнібек бейшара ел басына келген қанды қырғында жоқ болды. Оның артын күтпедің деп ешкім саған кінә тақпайды. «Әйел қырық шырақты» деген… Айтқан ақылды тыңда. Әйтпесе, ертең-ақ саныңды бір-ақ ұрасың. Жаман ұрғашылардай етегің толып еңіреп жүргеніңді білсем, бұл дүние түгілі о дүниеде де: «Басыңда ми жоқ малғұн қаншық»,— деп қарғап жатам…
Сосын «Ұқтың ба өзің?»— дегендей мұның жүзіне шаншыла бір қарап қойды. Әбден көңілін қалдырып, түңілдіріп айтқысы келсе керек...
— Ия, Зуһра, келген шаруаңызды айтыңыз,— деді. Бұл көзін жерден көтеріп алды. Абажадай жалтырақ стол, оңаша қондырғыға мығым қонжиған әлденеше телефон, зілдей-зілдей сафиян креслолар момын сарының өзінде айбат жоқ болғанымен мына отырған жерінде айбат, билік, пәрмен бар екендігін сездіргендей.
Тілші ғалым М.Балақаевтың зерттеу еңбектерінде де бейвербалды амалдарға қатысты мәселелер сөз етіледі. Ғалым бейвербалды амалдарды сөйлеудің қосымша амал-әрекеті ретінде қарастырады. «…Сөйлеу әр уақытта сөйлеу жағдайында өтеді: дауыс ырғағы, екпін, қимыл, ым, нұсқау, қол көтеру, көз қысу, бас изеу, күле, ызалана… сөйлеу, бәрі – ойды дәл жеткізе айтудың қағазға түсе бермейтін қосымша амал-әрекеттері»,-деп қорытындылайды өз тұжырымын. Жазушы Ә.Кекілбаев шығармаларынан осындай ерекшелікті айқындап көз алдыңызға келтіретін ерекшелігін байқаймыз. Қимыл-әрекетті көрсете отырып, стилінің бай екендігін, сөз қолдану шеберлігіне тәнті боласың.
Академик Ә.Қайдар қазақ қауымында өзіндік мағына-мәні бар тізе бүгу, қол шапалақтау, жұдырық түю, сақал сипау т.б. амалдарды бейвербалдық әрекеттер деп қарастырғанын негізге алсақ, біз қарастырып отырған әңгімеде жүру, аяқпен жүру түрлері де бірнеше қырынан көрсетіледі.
тротуарды тықытып басып келе жатқан аяқ дыбысын естіп
тәлтіректеп келе жатқан
көкшіл көздерін жаутаңдатып қарсы жүрді
бойын тіктеп ала қояды
тас сатыны тық-тық басып
баспалдақпен жоғары көтерілген дік-дік аяқ дыбысы
ауызғы бөлмеден тық-тық аяқ дыбысын
тас тротуарға шырт еткізіп бір түкіріп, алысырақтағы автобус аялдамасына қарай жүгіре жөнелер-ді.
әрлі-берлі сапырылысып жатқан әдемі балтырларды қызықтайсыз ба…
көп балтыр көшеге атып-атып шығады
сіз отырған орындықтың қасынан қиғаштап өтіп жатқан сая жолға түсер
Соңынан қалмай ілесіңіз де отырыңыз
Дедектеп соңына ілесіңіз
Тас көшені тық-тық шертіп бара жатқан қос өкшенің дыбысына
Міне, осы мысалдардан көріп отырғанымыздай, дене мүшелері, яғни аяқпен жүру арқылы жасалғанымен, әр түрлі қимылды сипаттағанымен, бір мағынаны, яғни жүру дегенді білдіреді. Адамның психикалық, эмоциялық жағдайын, қалпын суреттеп бейнелейтін аяқпен жүру арқылы берілетін ым-ишаралар көптеп кездеседі. Тілдік амалдарынсыз қарым-қатынасқа түсу бұл – тілдік емес таңбалар жүйесін қолдану арқылы сөйлесімге қатысу болып табылады. Ым-ишара дене қимылы ғана емес, ол – жан қимылы. Ол сөйлесіп тұрған уақыттағы адам жанының қалауы мен тілеуінен хабардар ете алады. Ә.Кекілбаев адам жүрісін бейнелеу арқылы кейіпкерінің мінез-қырынан, көңіл-күйінен хабар береді. Адам жүрісі – кейіпкердің ішкі әлемін ашуда, сезімін, психикалық жай-күйін шынайы суреттеуде ұтымды тәсіл болып табылады. Жазушы кейіпкерлерін тікелей өзі суреттейді немесе кейіпкердің мінез-сипатын оның жүрісі арқылы беріп отырады.
Ә.Кекілбаев әңгімесінде ұялу эмоциясын білдіретін ым-ишараттар теріс қарау, бетін басу сынды бейвербалды амалдары арқылы да беріледі. Аталған ым-ишараттар әйел адамдардың қарым-қатынасында жиі қолданылатын амал және соларға ғана тән құбылыс болып табылады. Бұны біз Зуһра іс-әрекеттерінен байқаймыз. Себебі ерлер ұялғанын бет басу, теріс қарау сынды қимылдармен емес, басқаша, атап айтар болсақ, басын сипау, тілі күрмелу, төмен қарау т.б. бейвербалды амалдары арқылы білдіре алады. Күзембаевтың Зуһрамен кездескен тұсындағы өз-өзін ұстауынан көре аламыз.
Бейвербалды амалдардың негізгі типтері: кинесика, просодика, такесика, проксемика. Осы аталған бейвербалды амалдардың барлық түрі Ә.Кекілбаев шығармаларынан орын алған.
Кинесика – адамдардың эмоциялық рефлекстерін бейнелейтін дене мүшелерінің қимыл-әрекеті. Кинесикаға қимыл, ым-ишара, қозғалыс, кейіп, жүріс-тұрыс жатады. Жоғарыдағы мысалдарда келтіргендей жүріс-тұрыс: тық-тық етіп жүру, жүгіре жөнелу, дедектеу ; Дене қалпы: Қос қолды кеудеге қою – сәлемдесу,Басын төмен салу – ұялу, қымсыну, қысылу; Мимика: Түрлі сезімдерді білдіретін бет бұлшықеттерінің қозғалысы. Бет-әлпет мимикасы негізгі алты түрлі эмоцияны білдіреді: ашу, қуаныш, қайғы, қорқыныш, таң қалу, жиіркену. Мәселен, 1) қасын керу – таңданысты білдіру; 2) Мұрнын тыржиту – мазақ қылу, жаратпау; 3) Қабағын шыту – біреуге күш көрсету, ренжу, қатты ашулану, көңілі толмау. Ә.Кекілбаев кейіпкерлерінің әр түрлі дене қалыптары арқылы олардың психологиясын, басқа кейіпкерлермен қарым-қатынасын, әлеуметтік дәрежесін, көңіл-күйлерін, ішкі сезімдерін ашып көрсеткен. Дене қалыбы кейіпкердің мәдениет дәрежесін көрсету үшін қолданылып, оның көркем образын жасауға көмектеседі. Ишара динамикалық сипатқа ие болса, дене қалыбына статикалық сипат тән.
Қазақ тіл білімінде тілші Г.Смағұлова жалпы дене қимылына негізделіп жасалған тұрақты тіркестер түрін “кинетикалық” фразеологизмдер деп атайды, оған біз қарастырған әңгімедегі: табанынан тік тұру, қол қусыру, зыр жүгіру, құрақ ұшу, қолдан қолға түсірмеу, өкшесін жерге тигізбеу, жаны қалмау, бәйек болу, қошемет көрсету, т.б. сияқты мысалдарды атауға болады.
Ә.Кекілбаев шығармаларындағы ашу, ыза, қуаныш, қайғы, абыржу сияқты эмоцияларда қолданылатын амалдар мағыналық, стильдік реңктері арқылы ерекшеленіп, синонимдік қатар құрайды. Жазушы шығармаларында кездесетін қол алысу, бас шайқау, бетін басу т.б. бейвербалды амалдардың семантикалық сипаты, қолданыс ерекшелігі әр алуан.
Қорыта келе, Әбіш Кекілбайұлының сөзіне баға беріп, сөйлеміне үкім айту оңайдың шаруасы емес екендігі анық. Белгілі ғалым М.Жолдасбеков «Мен бес кемеңгерді көрдім: Дінмұхамед Қонаев, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан: бесіншісі – Әбіш Кекілбаев»[10,47б] – деп баға бергеніндей кемеңгер жазушының тіл қолданысындағы ерекшелігін зерттеу, үлгі алу біз сияқты жастардың парызы деп білеміз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1.Муканов М.М. Этнопсихологическая специфика невербальных коммуникативных знаков // Интеллект и речь. Психология. Вып. 2. Алма-Ата, 1972.
2. Татубаев С.С. Жесты как компонент искусства. – Алматы, 1979. – 109 с.
3. Каримова А. Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларындағы бейвербалды амалдар // ҚазҰУ Хабаршысы, – Алматы, 2014 ж.
4. Момынова Б., Бейсембаева С. Қазақ тіліндегі ым мен ишараттың қазақша-орысша түсіндірме сөздігі. Алматы, 2003. 136 б.
5. Ешимов М.П. Бейвербалды амалдардың омонимдік қатары// ҚазҰУ Хабаршысы, – Алматы, 2016 ж.
6. Дарвин Ч. О выражении эмоций у человека и животных // Ч. Дарвин. Собрание сочинений. Т. 5. М., 1953.
7. Mehrabian, Albert. Silent Messages: Implicit Communication of Emotions and Attitudes (англ.). — 2nd. — Belmont, CA: Wadsworth, 1981.
8.Бердвистел Рэй.Birdwhistell, R. L. (1971). Kinesics: Inter- and Intra-channel communication research. In J. Kristeva, J. Rey-Debove & D. J. Umiker (Eds.), Essays in semiotics/Essais de semiotique (pp. 527—546). The Hague: Mouton.
9. Қордабаев Т. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. – Алматы: Мектеп, 1987. – 124 б.
10. Жолдасбеков М. Кекілбаев феномені / Жинақ: Әбіш Кекілбаев және замана шындығы. – Алматы: Қазақ университеті, 2009. –47-67 бб.
.